Павлодарда көлігін жудыртуға келген мас жүргізуші полициядан бір-ақ шықты
Павлодардағы көлік жуу орталығының жұмысшылары мас күйде көлік жүргізбек болған ер адамды ұстатуға көмектесті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, полиция автожууға келген азамат көлігін жуғызып шыға сала күмәнді қылық танытқанын айтты.
Рөлге отырған бойда көлігі шайқалып, кенет тежеп, тіпті бордюрге соғыла жаздаған. Куәгерлер одан арақтың иісі мүңкіп тұрғанын, өзі әрең тұрғанын айтады. Соған қарамастан, ол көлікті айдауды жалғастырған.
Автожуу қызметкерлері бейжай қалмай, бірден полицияға хабар берген. Экипаж бірнеше минут ішінде келіп, көлікті сол маңнан тоқтатқан.
Тексеру нәтижесінде жүргізушінің мас екені расталды. Оған ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша — «Алкогольдік масаң күйде көлік жүргізу» дерегімен әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция қызметкерлері ықтимал жол апатының алдын алуға көмектескені үшін көлік жуу орталығының жұмысшыларына алғыс білдірді. Сондай-ақ, Қазақстанда жол-көлік оқиғаларына жиі себеп болатын — дәл осындай мас жүргізушілер екенін ескертті.
Материал авторы