SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Оңтүстік Кореяда Ұлттық жиналыс жиынында горилла суретін шимайлап отырғаны әшкере болған депутат Ю Ёнха қоғамның қатты сынына қалды. Қазанның 29-ы ол тексеру кезінде есепті дұрыс тыңдамай, салғырттық танытқаным үшін кешірім сұраймын деп мәлімдеді. Бұл туралы chosun.com жазды.
Ю Ёнха желіде жариялаған жазбасында бұған «ешқандай жасырын мағына жоқ» екенін айтып ақталуға тырысты. Оның сөзінше, ол сұрақ қою алдындағы толқуды басу үшін кейде жануарлардың карикатурасын салып алады, ал сөзін жеткізе алмай қалса немесе өзін-өзі қинайтын сәтте сурет арқылы тынышталады.
Депутаттың айтуынша, мұндай суреттерді әдетте 10–30 секунд ішінде сала салады, кейін әріптестеріне көрсетіп, бірге күліп алады.
«Бұл жолы горилланы үлкейтіп жібергендіктен бірнеше минут кетті, бірден емес, бөлшектеп салып отырдым. Басқа депутаттардың сұрақтарын тыңдап, жазба жасап отырғандықтан, өте қарапайым етіп салдым. Қарындашпен көлеңке түсіру де біраз уақыт алды», – деп ол өз «өнерін» түсіндіріп бақты.
27 қазанда саяси істер жөніндегі комитеттің отырысы кезінде журналистер оның ноутбуктан сурет қарап тұрып, горилла салып отырған сәтін түсіріп алған. Кадрларда депутаттың түрлі қарындашты ауыстырып, суретке ерекше мән беріп отырғаны көрінеді.
Ю Ёнха: «Не десем де, аудит кезінде көңіл бөлмей отырғаным үшін өкінемін. Мен кездесуге дайындалып, жауапкершілікпен қатыстым, бірақ шағын бір сәтсіздік үлкен сабақ болды», – деді. Сонымен бірге ол: «Енді ашу мен күйзеліспен күресудің басқа жолын табамын», – деп уәде берді.
RUS