Бостандық ауданына жаңа әкім келді: Қалдыбековті қазақ мектебі үшін туған дау күтіп тұр
Бостандық тұрғындары қазақ сыныптарын көбейтуді талап еткен соң арада көп өтпей жаңа әкім келді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының Бостандық ауданына жаңа әкім тағайындалды. Екі ай бойы бос тұрған креслоны енді Азамат Қалдыбеков иеленеді.
Қалдыбеков бұған дейін Алматы әкімінің орынбасары болды, сондай-ақ Алатау ауданын басқарған. Оның қызметтік тәжірибесінде Ұлттық банк, «Самрук-Қазына» және «Азаматтарға арналған үкімет» сияқты құрылымдар бар.
1984 жылы туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де халықаралық құқық мамандығы бойынша білім алған. «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тағы Дьюк университетінде магистр дәрежесін қорғаған. Қазақстан Аграрлық университетінде PhD атағын алған. Президенттің жастар кадры резервінде болған.
Жаңа басшыны Бостандық ауданында бірден өткір тақырыптар күтіп тұр. Соның ең бастысы — №215 мектепке қатысты тіл дауы. Жаңа оқу орны қазақ және орыс сыныптары бар аралас мектеп ретінде ашылды. Алайда бір топ ата-ана бұған қарсы шығып, аудан әкімдігіне шағым түсірген. Олар: «Ауданда қазақ тілінде оқытатын мектептер жетіспейді» — деп отыр.
Билік бұл мәселені қарастырып жатқанын, жақын күндері нақты шешім жарияланатынын мәлімдеді.
Материал авторы