3344

АҚШ санкцияларынан кейін Түркия Ресей мұнайынан теріс айналып, Қазақстаннан алып жатыр

АҚШ-тың «Роснефть» пен «Лукойлға» соққысы Анкараны мұнай импортын қайта қарауға мәжбүрледі.

АҚШ санкцияларынан кейін Түркия Ресей мұнайынан теріс айналып, Қазақстаннан алып жатыр
Максим Богодвид / РИА Новости

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың Ресей мұнайына қатысты жаңа санкцияларынан кейін Түркияның ірі мұнай өңдеу зауыттары импорт бағытын өзгерте бастады. Reuters агенттігінің мәліметінше, ресейлік шикізаттың орнына Ирак, Қазақстан және өзге де елдерден мұнай алу үлесі артып келеді.

Әзербайжанның SOCAR компаниясына тиесілі STAR зауыты желтоқсан айына төрт партия мұнайға тапсырыс берген. Агенттік есебіне қарағанда, бұл тәулігіне 77–129 мың баррель көлеміне тең. Сол төрт партияның бірі — Қазақстаннан келетін KEBCO маркалы мұнай. Өткен жылы бұл зауыт ондай шикізатты мүлдем сатып алмаған.

Ал қазан мен қыркүйекте STAR-дың импортының дерлік барлығын Ресей мұнайы құраған еді — шамамен тәулігіне 210 мың баррель.

Tupras компаниясы да ресейлік Urals сапасына жақын мұнайды басқа елдерден тасымалдай бастады. Саладағы дереккөздерге сенсек, компания еуропалық нарыққа жанармай экспортын жалғастыру үшін бір НПЗ-дағы ресейлік мұнайды толық тоқтатуы мүмкін. Себебі санкциялар қаупі күшейген.

Kpler статистикасына сүйенсек, биыл қаңтар-қазан айларында Түркия тәулігіне орташа 669 мың баррель мұнай импорттаған. Соның 47%-ы — Ресейден.

22 қазанда АҚШ Қаржы министрлігі «Роснефть» пен «Лукойл» және олардың ондаған еншілес ұйымына қарсы санкция енгізді. Вашингтон бұл қадамды «Ресейдің Украина бойынша бейбіт процесті көздемеуімен» байланыстырды. Ұлыбритания да сол шамада шектеу шараларын қолдады.

Владимир Путин санкциялар белгілі бір әсер ететінін мойындағанымен, «экономикаға шешуші соққы болмайды» деп мәлімдеді.

Сарапшылардың айтуынша, енді Түркия ғана емес, Үндістан да ресейлік мұнайға сұранысты азайтуы ықтимал — бұл АҚШ-пен сауда келіссөздеріне жол ашуы мүмкін.

Материал авторы