2702

Элиталы пәтер мен қымбат көліктер: Өскеменде жолға бөлінген 120 млн теңге жымқырылған

Бюджет қаржысы «өз адамдарын» байытуға жұмсалғаны әшкере болды.

Элиталы пәтер мен қымбат көліктер: Өскеменде жолға бөлінген 120 млн теңге жымқырылған
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскеменде «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы басшыларына қатысты даулы іс тергеліп жатыр. Тергеушілердің дерегінше, қаланың жолдарын күтіп-ұстауға арналған 120 миллион теңгеден астам қаржы жымқырылған.

2022–2023 жылдары бұрынғы директор, оның орынбасары және серіктес жеке кәсіпкер тендерсіз-ақ бюджет ақшасын өздеріне аффилиялын фирмаларға бағыттап отырған. Құжаттарда құм мен битум сатып алынды, техника жалданды, павильондар жасалды деп бәрі әдемі көрсетілген. Тек сол павильондар баяғыда тұрған, ал жолдарға ештеңе төселмеген.

Ақша қолма-қолға айналып, схемаға қатысушылардың қалтасына құйылып отырғаны анықталды. Тергеу мәліметінше, сол қаржыға Өскемендегі элиталы пәтер, BMW X6M мен Subaru Forester, сондай-ақ бірнеше жер телімі сатып алынған. Барлық мүлікке тыйым салынды. Кәсіпорынның экс-директоры екі айға қамауға алынған. Тергеу әлі жүріп жатыр.

Материал авторы