SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Германияның вице-канцлері және қаржы министрі Ларс Клингбайль Ресейден болат импорты толық тоқтатылуы керегін айтты.
Ол Ресейде өндірілген, бірақ Еуропа елдерінде қайта өңделетін болат өнімдері әлі санкциядан бос екенін сынға алды. «Еуропа нарығын Путин үшін ашық ұстауды ешбір болат жұмысшысына түсіндіріп бере алмайсыз», — деді ол dpa агенттігіне берген сұхбатында.
Министр Клингбайль отандық өндірісті қолдауға шақырып, «екологиялық таза, сапалы болатты Германия мен Еуропадан таңдау керек» деді. Бұл әсіресе инфрақұрылым мен автомобиль өнеркәсібі үшін маңызды.
6 қарашада Берлинде «болат саммиті» өтеді. Онда Федералдық канцлер Фридрих Мерц, вице-канцлер, экономика министрі Катерина Райхе және еңбек министрі Бербель Бас қатысып, өнеркәсіптегі энергия шығындарын азайту, тарифтер мен мемлекеттік қолдау шараларын талқылайды.
Германияның болат өнеркәсібі қазір дағдарыс алдында тұр. Электр энергиясының қымбаттауы, Қытайдан арзан импорт, экологиялық стандарттарға көшу шығындары мен АҚШ санкциялары жағдайды қиындатып отыр.
Сонымен қатар, Социал-демократиялық партияның стратегиялық құжатында Ресейден ЕО-ға болат өнімдерін толық импортқа тыйым салу ұсынылған. Еурокомиссия қазір дайын өнімдер мен олардың жартылай фабрикаттарына тыйым салса да, болат прокаты мен құбырлар әлі санкциядан толық қамтылмаған.
RUS