SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру жұмыстары қарқын алды.
Үкімет отырысында Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория берген мәліметке қарағанда, клубтарды жекешелендіру және футбол академияларын дамытуға тартылған инвестиция көлемі 45 млрд теңгеден асты.
Биыл «Қайсар» клубы толықтай жеке меншікке өтті. Инвестор академия салуға 12 млрд теңге құймақ. «Қызыл-Жар» клубының меншік иесі ауысуға жақын: жаңа инвестор жыл сайын кемінде 1 млрд теңге салуға міндеттеліп отыр. «Жеңіс» клубында жоспарланған академия жобасының құны — 16 млрд теңге. Ал «Шахтер» клубына қатысты қоғамдық талқылаулардан кейін аукцион өткізіледі. Бұл клубқа тартылатын инвестиция шамамен 18 млрд теңгені құрайды.
Осы процестермен бірге футболда корпоративтік басқарудың жаңа моделі енгізілуде. Лорияның айтуынша, «Елімай» клубы «коммерциялық емес акционерлік қоғам» форматына көшкен алғашқы қазақстандық команда болды. Бұл модель «Реал Мадрид» және «Барселона» сияқты еуропалық клубтарда көптен бері табысты жұмыс істейді. «Елімай» 100 млн теңгенің акциясын шығарып, қоғам қайраткерлері мен атақты спортшыларды акционер ретінде тарта бастады.
Федерация мемлекеттік бюджетке тәуелді футболды артта қалдырып, нарық заңдарына бейімделген жүйеге өтуді көздейді. Футболшылардың дайындығы мен инфрақұрылымға нақты қаржы құю арқылы нәтиже талап ететін кезең басталды.
RUS