Қыркүйек айының басында Бейжіңдегі Қазақстан Мәдениет орталығының ашылуы тарихи оқиғаға айналған болатын. Бұл жоба — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің келісімі негізінде жүзеге асқан, еліміздің шетелдегі алғашқы мәдени институты. Енді осы орталықтың аумағында Sandyq мейрамхана-музейі орналасты.
«Бұл — Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері алғаш рет жасалып отырған жеке бизнес пен Мәдениет министрлігі арасындағы ынтымақтастық. Мұнда мәдени орталық тек экспонаттар қойылатын орын ғана емес, сонымен қатар "тірі экспонаттар" — ұлттық тағамдар, музыка, киімдермен қазақ қонақжайлығының рухын сезінетін кеңістікке айналады», — деді Aqniet Group Қадағалау кеңесінің төрағасы Нұржан Ниязалиев.
Sandyq командасының айтуынша, Қазақстан өз ұлттық асханасын халықаралық деңгейде алғаш рет мемлекеттің мәдени стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде ұсынып отыр. Бұл — жаңа бір нысанның ашылуы ғана емес, Қазақстанның Азияға жасаған мәдени экспансиясының басы.
Қытай нарығына шығу — стратегиялық қадам
Қытай бүгінде әлемдегі ең ірі гастрономиялық нарық саналады, мұндаұлттық асханалар мәдени бірегейліктің символына айналған.
«Асхана — бұл жұмсақ күштің (soft power) құралы. Гастрономия арқылыұлт туралы айтуға, оның бейнесін қалыптастыруға және мәдени ықпалын арттыруға болады», — дейді Нұржан Ниязалиев.
Гастрономия — мәдени жұмсақ күш
Қытай тағамдарының тіл үйірер дәмі мен иісі бүгінде бүкіл әлемді баурап алды: ел сыртында 600 мыңнан астам қытай мейрамханасы жұмыс істейді. Мысалы, Сычуаньнан бастау алған Haidilao желісі бүгінде АҚШ, Еуропа және Азияда 1300-ден астам филиалға ие болып, Қытайдың мәдени ықпалының символына айналды.
Қазақстан да тура солай өз жолын таңдауда. Sandyq өкілдерінің айтуынша, Пекиндегі қазақ мейрамханасы — бұл мәдени көпір: мұнда келушілер қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып қана қоймай, қазақ музыкасын тыңдап, тұрмыс заттарын көріп, далалық қонақжайлықтың философиясын сезіне алады.
Бұл — жай ғана мейрамхана емес, халықтық дипломатияның алаңы, ұлттық бірегейлік пен тарихтың көрінісі.
Мұнда тағам ұсыну — музейлік өнердің бір түрі: әр тағам — тарихы мың жарым жылдан астам дәуірді қамтитын «тірі экспонат». Бұл тағамдар — Ұлы Даланың көшпелі өркениетінің тірі мұрасы іспетті. Қазақ халқының ұғымында тамақ тек қарын тойдыратын зат емес, салт-дәстүр мен мәдениеттің маңызды бөлігі саналған.
Келешек жоспарлар
Пекинде ашылған Sandyq — алғашқы батыл қадам. Компания жоспары бойынша келесі бағыттар — Шанхай мен Сингапур. Әрбір жаңа нысан жергілікті дәмге бейімделсе де, брендтің ұлттық философиясы мен рухын сақтайды.
«Бүгінде әлемде брендтер назар үшін бәсекелесіп жатқанда, Sandyq өзгешелігімен ерекшеленеді: ол жай ғана өнім сатпайды — ол тарихты баяндайды. «Қазақ асханасы, дала қонақжайлығы және мәдени мұрамыз елдің брендіне, құрмет пен қызығушылық тудыратын ықпал құралына айнала алады», — деп сенеміз дейді Нұржан Ниязалиев.
Оның айтуынша, Sandyq тарихы — бұл елдің гастрономия арқылы әлеммен сөйлесуді үйрену тарихы. Пекиндегі мейрамхана — картадағы жай ғана нүкте емес, қазақстандық бренд қалыптастырудың жаңа тарауы: мұнда ас — құрмет тіліне, ал қонақжайлық — әмбебап дипломатияға айналады.
RUS