SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда 2025 жылдың 1 желтоқсанынан бастап азаматтарға арналған автолизинг ресми түрде іске қосылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының өкілі Олжас Құспеков хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген халықты қолдау және әлеуметтік қысымды төмендету тапсырмасына сәйкес, енді қазақстандықтар көлікті тек жеңілдетілген несие арқылы емес, лизинг тетігі арқылы да рәсімдей алады. Яғни азаматтар көлікті бөліп төлеп сатып алуға немесе мерзімі аяқталғанда лизинг берушіге қайтаруға мүмкіндік алады.
Бұл қаржы құралы Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген түзетулер арқылы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Министрлік автолизингтің енгізілуі көлік қолжетімділігін арттырып, ішкі нарықтағы бәсекені күшейтеді деп отыр.
Депутат Құспековтың сөзінше, жеке тұлғаларға автолизинг ұсыну туралы бастаманы алғаш 2023 жылы дәл Respublica партиясы көтерген:
«Көпшілік үшін автокөлік алу — аса ауыр мәселе. Қымбат несие, алғашқы жарна жинау — бәрі де кедергі. Екі жыл бұрын көтерген ұсынысымыз жүзеге асып, азаматтарға көлікті қолжетімді алудың жаңа мүмкіндігі ашылды», — дейді ол.
Автолизингтің іске қосылуы мыңдаған отбасыға өз көлігіне қол жеткізуді жеңілдетеді, жастарға еркін жүріп-тұруға жол ашады және елдегі өмір сапасына оң әсер етеді.
Respublica партиясы әлеуметтік қолдауға бағытталған бастамаларды жалғастыра беретінін мәлімдеді.
RUS