4957

Нью-Йорк тарихында алғаш рет мұсылман әкім сайланды

Байларға салық, халыққа тегін көлік – жаңа мэрдің ұраны осы.

Нью-Йорк тарихында алғаш рет мұсылман әкім сайланды
Heather Khalifa / AP Photo

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Нью-Йорк қаласын алғаш рет мұсылман саясаткер басқаратын болды.

4 қарашада өткен сайлауда 34 жастағы демократ Зохран Мамдани жеңіске жетті. Ол дауыс берушілердің 50,3 пайызының қолдауына ие болды. Ал тәуелсіз үміткер ретінде сынға түскен бұрынғы штат басшысы Эндрю Куомо 41,6 пайызбен екінші орынды иеленді. Республикалық Кёртис Сливаға тек 7,1 пайыз дауыс бұйырды.

  1.  

Мамдани Угандада, Үндістаннан қоныс аударған отбасында дүниеге келген. Анасы — кинорежиссер, әкесі — зерттеуші. АҚШ-қа отбасы Оңтүстік Африка арқылы көшіп келген, ал оған америкалық азаматтық небәрі 2018 жылы берілген. Саясатқа араласқанға дейін баспанасыз қалған адамдардың құқығын қорғаумен айналысып, 2020 жылы Нью-Йорк штатының Ассамблеясына сайланды.

Жаңа мэр сайлауалды бағдарламасының өзегін әлеуметтік теңдікке құрды:
– ең төменгі жалақыны 2030 жылға қарай сағатына 30 долларға өсіру;
– балабақшаға дейінгі білімді тегін ету;
– автобустарға тегін қатынас енгізу;
– ірі байлық иелеріне салық арттыру.

Мамдани бұл бастамаларға қарсы шыққандарды «Нью-Йоркте қарапайым өмірдің қандай екенін білмейтіндер» деп сынға алады.

Оны әсіресе жастар мен Демократиялық партияның солшыл қанаты қолдады. Алайда оның саясаты бизнестен бастап діни ұйымдарға дейін алаңдаушылық туғызды. Мысалы, кейбір кәсіпкерлер қаладан компаниялар кетуі мүмкін деп қауіптенсе, бірқатар раввиндер еврей қауымдастығының қауіпсіздігіне алаңдайды. Дегенмен Нью-Йорктегі басқа еврей топтары керісінше Мамданиді ашық қолдайды.

АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа мэрді «коммунист» деп атап, оған қарсы федералдық қаржыландыруды шектеумен қорқытты. Мамдани бұл мәлімдемені қысым көрсету деп қабылдап, қала тұрғындарының мүддесін қорғаудан бас тартпайтынын айтты.

Мамданидің Палестинаны қолдайтын ұстанымы да қоғамда қызу пікірталас тудырып келеді. Соған қарамастан, ол соңғы жүз жылда Нью-Йоркті басқарған ең жас мэр атанды. Қаланың биылғы бюджеті 116 миллиард доллардан асады — бұл Қазақстанның 2025 жылғы бүкіл республикалық бюджетінің шамамен екі жарым есесіне тең.

Бұған дейін АҚШ-тағы сайлау науқандары дін төңірегіндегі жанжалдармен де есте қалған болатын. Мәселен, Конгреске өтпек болған республикалық Валентина Гомес үгіт ролигінде Құранды өртеп, қоғамдық сынға ұшыраған еді.

Материал авторы