SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында заңсыз банктік операцияларға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігі жастарды алдап, банк шоттарына толық бақылау орнатқан ұйымдасқан топтың әрекетін анықтады.
Қылмыстық схемада «қосымша табыс» уәде етілген. Жастар өз атына банкте шот ашып, мобильді банкингті қылмыскерлердің құрылғыларына орнатқан. Осыдан кейін шоттарға толық қолжетімділік алаяқтардың қолына өткен.
Тергеу дерегінше, осы қызмет үшін олар шамамен 200–350 АҚШ долларына тең сыйақы алған. Аталған шоттар арқылы интернет-алаяқтықтан түскен қаражат айналымға жіберілген. Жалпы заңсыз операция көлемі 17 млн теңгеден асқан.
Бір жайтта карта бұғатталғаннан кейін, жас жігіт қылмыстық әрекетті жалғастырудан бас тартқан. Сол кезде ұйымдастырушылар оны күштеп ұстап, қорқытып, шотқа қайта қолжеткізуді талап еткен.
Қазір қылмыстық топтың басшысы күдікті ретінде қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес құпия сақталады.
Айта кетейік, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап жаңа 232-1-бап күшіне енді. Ол банктік шотқа заңсыз қолжеткізуді жасаған немесе соған жағдай тудырған тұлғаларға 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасын қарастырады.
RUS