«Бәрін сыпырып алады»: Мәжіліс бизнеске қысымды тоқтатуды талап етті
Шотты нөлге түсіру кәсіпкерлерді көлеңкеге итеріп отыр дейді Дәулет Тұрлыханов.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжілістің жалпы отырысында «Аманат» фракциясының депутаты Дәулет Тұрлыханов азаматтар мен жеке кәсіпкерлердің есепшоттарын толық бұғаттау тәжірибесін сынға алды.
Оның айтуынша, атқарушылық іс жүргізу барысында барлық қаражатты бірден есептен шығару азаматтарды табыс көзінен айырып, бизнестің тасада жұмыс істеуіне жол ашады.
Депутат бұл тәсіл қарыз өндіріп алудың мақсатына да қарсы екенін атап өтті. Өйткені табыссыз қалған адамның берешегін өтеуі мүмкін болмайды. Сонымен бірге мұндай саясат әлеуметтік шиеленісті күшейтеді.
«Есепшотты түгел тоқтату — жалғыз табыс көзінен айырылған жеке кәсіпкер мен қарапайым азаматтарды өте әлсіз жағдайда қалдырады. Заң бойынша кемінде 50 пайыз табыс сақталуы тиіс, бірақ іс жүзінде бәрін сыпырып алады», — деді ол.
Тұрлыханов кәсіпкер табысы мен еңбекақыға жататын қаражаттың міндетті түрде қорғалатынын заңмен бекітуді ұсынды. Сондай-ақ осы талаптарды бұзған банктерге жауапкершілік жүктеуді талап етті.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов шоттарды бұғаттау қарыз тәртібін сақтау үшін жасалатынын жеткізді. Алайда депутат норма тек жеке тұлғаларға қолданылатынын, ал кәсіпкерлер қорғалмай отырғанын нақтылады.
Осыған байланысты ол қарыз өндіру тетіктерін қайта қарап, несие беруші мен борышкер мүддесін тең ұстайтын әділ жүйе қалыптастыру қажет екенін айтты.
Материал авторы