Екібастұз әкімі жасанды интеллект ролигінің бас кейіпкері атанды (ВИДЕО)
Әкім желіде таралған видеодан соң кәсіпкермен кездесуге барды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Екібастұз әкімі Аян Бейсекин жасанды интеллект көмегімен әзіл түрінде жасалған жарнамалық роликтің басты кейіпкеріне айналды. Қаладағы киім дүкенінің әлеуметтік желіге жүктеген бейнежазбасы қысқа уақытта-ақ 700 мыңнан аса қаралым жинаған.
Әкім бұл идеяны жылы қабылдап, авторлардың еңбегін жоғары бағалағанын айтты. Ол парақшаға қалдырған әзіл-жауабының өзі мыңдаған қолдау жинады.

Пайдаланушылар дүкенді атап, әкімді өздері шақырды. Көп күттірмей, қала басшысы кәсіпкерге арнайы барып, командамен тілдесті. Айтуынша, қолдау — құр сөз емес: әкім дүкеннен өз қаржысына киім сатып алған.
Аян Бейсекин заманауи маркетинг тәсілдерінің бизнестің дамуына ықпал ететінін атап өтті. Сонымен бірге жасанды интеллект қолдануда жауапкершіліктің маңызына тоқталды: технология жарнамада тиімді құрал болса да, оны алаяқтыққа пайдаланатындар кездеседі.
Әлеуметтік желі қолданушылары әкімнің әрекетіне оң пікір білдіріп, оны халықпен бір толқында жүретін басшы деп бағалады.
Материал авторы