Путин 35 жылдық үзілістен соң ядролық қаруды тексермек
Сынақ алаңы қайта тірілуі мүмкін.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин 35 жыл бұрын тоқтаған ядролық сынақтарды қайта бастаудың жолдарын әзірлеуді тапсырды.
Кремльде өткен Ресей Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерімен кеңес барысында ол Сыртқы істер министрлігіне, қорғаныс саласына және арнайы қызметтерге нақты ұсыныстарды қысқа мерзімде дайындауды жүктеді.
Путиннің айтуынша, тиісті құрылымдар қосымша дерек жинап, жағдайды талдап, ядролық сынақтарға дайындықты бастауға қатысты ортақ шешім ұсынуы керек.
Бұл қадам АҚШ президенті Дональд Трамптың өткен аптада айтқан «кейбір сынақтар өткізілмек» деген мәлімдемесінен кейін қарастырылып отыр. Трамп нақты нені меңзегенін ашып айтпаған. Мәскеу түсініктеме беруін сұрағанда, АҚШ тарабы нақты жауаптан қашқақтаған.
Ресей Сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкин Вашингтонның екіұшты ұстанымы алаң тудырғанын айтты. Ал Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов керісінше, кідіріссіз іске кірісуді қолдап отыр. Оның сөзінше, Новая Землядағы инфрақұрылым қысқа мерзімде толық сынақ өткізуге әзір.
Егер шешім қабылданса, Ресей 1990 жылғы соңғы жерасты жарылысынан кейін алғаш рет ядролық сынақ алаңын қайта жандандырмақ.
Бүгін АҚШ та үнсіз қалмады: Ванденберг әуе-ғарыш базасынан Minuteman III құрлықаралық баллистикалық ракетасы ұшырылды. 6700 шақырымнан астам қашықтықты еңсерген ракета Маршалл аралдарындағы Кваджалейн полигонына дәл тиді.
Вашингтон мұны жыл сайын өтетін жоспарлы сынақ деп сипаттады. Дегенмен бұл – Трамптың ядролық сынақтарды қайта қозғаған мәлімдемесінен кейінгі алғашқы ұшырылым.
Minuteman III – 36 тонналық, 1970 жылдан бері қызметте тұрған твердотекті ракета. АҚШ-та қазір шамамен 400 дана МБР бар және олар үнемі жаңартылып келеді.
Соңғы апталарда Ресей де өз күшін көрсетіп үлгерді: «Буревестник», «Ярс», «Синева» ракеталары және «Посейдон» суасты аппараты сынақтан өтті.
Әлемдегі ядролық тепе-теңдікке салмақ түсіретін жаңа кезең басталуы ықтимал.
Материал авторы