SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында жер қатынастары бөлімінің басшысы Медет Бердалин пара алғаны үшін қатаң жазаға тартылды. Шенеунікке 300 мың теңге сұрағаны дәлелденіп, сот оны 8,6 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттеді. Бұл туралы halyqstan telegram-арнасы жазды.
Іс материалдарына сүйенсек, қыркүйек айында жергілікті шаруа қожалығының басшысы Нұрдос Еркінғалиұлы уақытша жер телімін тегін пайдалануға рұқсат алу үшін аудандық әкімдікке барған. Сол сәтте Бердалин көмек көрсету үшін ақша талап еткен. Параны кейін шенеуніктің жұбайы арқылы алған.
Бердалин өз кінәсін мойындап, іс сотта жедел тәртіппен қаралды.
Сот оның әрекетін парақорлық деп танып, пара көлемінен 30 есе артық айып салды. Қамауда отырған мерзімі есепке алынып, айыппұлдың жалпы сомасы 8,6 млн теңгеге төмендетілді.
Сондай-ақ Бердалинге мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда өмір бойы қызмет етуге тыйым салынды. Ал алынған ақша мемлекет кірісіне тәркіленді.
RUS