SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда психологтар мен коучтердің қызметін заңмен реттеу ұсынылды. Бұл бастаманы Сенат депутаты Амангелді Есбай көтерді.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда психолог мамандар мен өзін «коуч» деп танытатындардың жұмысына бақылау жоқтың қасы. Нәтижесінде, кәсіби білігі дәлелденбеген адамдардың «кеңесі» қоғамға зиян келтіріп отыр.
Сенатор ең алдымен отбасыларға түскен салмақты атап өтті. Кейбір сөзімтал кеңестер ата-аналар мен балалар арасындағы сенімді әлсіретсе, эмоциялық зорлық «тәрбие» деген желеумен таңылады. Бұл — жарақаттың, жанжалдың және отбасының ыдырауының себебі.
Бұдан бөлек, құзырсыз коучтердің «миллионер бол», «ойыңды программала» деген уәдесі азаматтарды несиеге тәуелді етеді. Осындай алдамшы тренингтердің салдарынан көптеген адам қаржылық тұзаққа түсіп, қарыздан көз аша алмай жүр.
Есбайдың сөзінше, қазір көптеген коуч қысқа курстар өткізіп, белгісіз үлгідегі сертификат береді. Қолданатын әдістемелер де, кіріс көлемі де ашық емес. Олар көбіне көлеңкелі жолмен табыс табады: қолма-қол ақша, картаға аударым.
Депутат бұл жағдай заңның әлсіздігінен қалыптасқанын айтып, нақты шара ұсынды: лицензиялау енгізу, ұлттық реестр құру, мамандарға этикалық және құпиялылық талаптарын бекіту. Сондай-ақ жеке психологтар мен коучтерге табысын жариялап, салық есебін жүргізуді міндеттеу қажет дейді.
Сенатордың ұсынысы тиісті ведомстволарға жолданды. Ал жақында Қаржы министрлігі азаматтардың банктік шоттары туралы мәліметті сұрату тәртібін бекіту жобасын жариялаған еді. Бұл да көлеңкелі табысты бақылауға бағытталған қадамдардың бірі.
RUS