Криптоқор мен цифрлық қаржы: экономиканың жаңа бағыты

07.11.2025, 11:00
16554
Криптоқор мен цифрлық қаржы: экономиканың жаңа бағыты polygant.ru

Жасанды интеллект, цифрлық қаржы сияқты ұғымдар қазір қоғамдық талқылаудың алдыңғы қатарынан түспей тұр. Мемлекет дәл осы технологиялық трендтерді енгізіп, барлық салаға таратуға мүдделі.

Президенттің Жолдауынан кейін көп өтпей елімізде алғашқы мемлекеттік криптоқор құрылып үлгерді. «Alem Crypto Fund» деп аталатын бұл қор цифрлық активтерге ұзақ мерзімді инвестиция жасап, мемлекеттік крипторезерв қалыптастыруға бағытталған. Болашақта оны ұлттық жинақтарды басқару құралы ретінде пайдалану да жоспарға еніп отыр.

Үкіметтің мақсаты – криптоқорды ірі инвесторларға арналған сенімді құралға айналдыру және оны мемлекеттік цифрлық резервтердің негізгі тірегі ету. Ал қор инвестициялайтын цифрлық активтің өзегі – ұлттық цифрлық валюта. Мұндай актив инфляциялық тәуекелдерден қорғайтын қаржы құралы ретінде қарастырылуда.

Әлемдік қаржы жүйесі бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен жаңарып жатыр. Көптеген дамыған елдер ұлттық цифрлық валютасын шығарып, жаңа қор жүйесін құруды қолға алған. Қазақстан да дәл осы бағытты таңдады. Президенттің тапсырмасына сай Мемлекеттік цифрлық активтер қоры құрылып, оны басқару Ұлттық банкке жүктелді.

Цифрлық активтер қатарына криптовалюта, биткойн, стейблкоиндер, токендер, цифрлық облигациялар және тіпті цифрландырылған жылжымайтын мүлік кіреді. Сарапшылардың айтуынша, бұрын тек энтузиастардың тәжірибесінен аспаған бұл сектор қазір жаһандық қаржы экономикасының маңызды бөлігіне айналды. Криптоиндустрияның жалпы нарықтық құны 4 триллион долларға жақындады, ал осы активті ұстайтындар саны 1 миллиардтан асты.

Стейблкоиндер күнделікті есеп айырысуда кеңінен қолданылып келеді. 2024 жылы олардың айналым көлемі 27,6 триллион доллардан асқан. Цифрлық активтер қауіпсіз әрі жаңа инфрақұрылым қалыптастырады деп күтілуде. Қазақстан азаматтары болашақта мобильді қосымшалар арқылы криптовалютаға еркін инвестиция салып, стейблкоинмен төлем жасай алады. Жылжымайтын мүлікті токендеу де енгізілмек. Бұл рәсімдерді жеделдетіп, шығынды азайтады. Сонымен бірге теңгеге байланған стейблкоин халықаралық төлемдерді жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Цифрлық активтердің мәні — оларды сатып алу, сақтау және басқаруды қамтамасыз ететін бірыңғай жүйе қалыптастыру. Цифрлық активтер қоры криптоактивтерді сатып алып қана қоймай, олардан табыс табуға жол ашады. Бұл инфрақұрылымның дамуына, инвестиция ағынына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына әсер етпек. Ал активтер стратегиялық резерв деңгейіне көтерілсе, ұлттық қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттыруға үлес қосады. Тұрғындар үшін негізгі пайда — табыс табу мүмкіндіктерінің артуы және төлем жасаудың жаңа формаларының қолжетімді болуы.

Криптовалюта нарығы географияға тәуелсіз. Сарапшылардың болжауынша, жыл соңына қарай Қазақстанда заңды түрде криптобиржа пайдаланатындар саны 650 мыңға жетуі мүмкін. Цифрлық қаржылық активтер нарығының көлемі биыл және келесі жылы 2 миллиард доллардан асады деген болжам бар.

Осы саланы реттеу үшін Ұлттық банк жаңа ережелер әзірлеуде. Енді криптобиржа ашуға ресми мүмкіндік қарастырылмақ. Цифрлық активтер Қазақстан қор биржасында да саудаланатын болады.

Криптоқор құрған мемлекеттер әзірге көп емес. Сальвадор 670 миллион долларлық криптовалюта қорын жасақтаған. Бутанның қоры 1 миллиард 280 миллион доллар деңгейінде. АҚШ-та да криптоқор құру бастамасы былтыр көтеріліп, биыл іске аса бастады. Қазір Техас, Аризона және Нью-Гэмпшир штаттарында осындай қорлар бар. Бұдан бөлек, Қытай, Бразилия, Чехия, Украина және Қырғызстан мемлекеттік криптоқор құру жоспарын қарастыруда.

 

Авторы Серік Алдан

Теңге тағы қысымда: 15 мамырдағы валюта бағамы жарияланды Шаңды дауыл, найзағай, аптап ыстық: 15 мамырда елді қолайсыз ауа райы күтіп тұр «Әкімдікке кіріп көрмегенмін»: Мақпал Жүнісова Роза Рымбаеваға жауап берді «35 жастан кейін басталды»: тойда билеген әйелдің видеосы вирусқа айналды Алматыда үйленген ер адамды аңдыған әйелге қылмыстық іс қозғалды «Өзімді Ресейдегі өзбектей сезіндім»: Алматыға келген ресейлік қыз дауға қалды Ердоған Қазақстанға үндеу жасады: Түркі бірлігі жаңа кезеңге өтті UMC Назарбаевтың жүрек операциясы туралы ақпаратты жоққа шығармады Ресейде аулада намаз оқыған өзбекстандық елден қуылды Оралда полицей қыз зорлады деген күдікпен қамауға алынды Әкімнің орынбасары даулы видеодан кейін қызметінен кетті (ВИДЕО) Ақтауда полиция көлігі 1,5 жасар баланы қағып өлтірді Bloomberg: Қазақстан маусымда мұнай тасымалын азайтады Павлодарда ер адам сүйіктісін көлікпен қабырғаға қысып, аяғынан айырды Алматы облысында 11-сынып оқушылары баланы қағып кетіп, шындықты жасыруға тырысқан Freedom Travel төңірегіндегі жанжал: отадан шыққан егде жастағы жолаушылар күні бойы әуежайда отырған Украина тұтқынындағы қазақстандық Ресей билігіне үндеу жасады Өскеменде 356 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырғандардың ісіне шенеунік те араласқан Атырауда қыздың өлімі үшін сотталған мүсіншіге қатысты үкім жойылды Құлсарыдағы ерлі-зайыпты қаза тапқан жарылыстың себебі әшкере болды