Трамп Би-би-сиді АҚШ президенттік сайлауына араласты деп айыптады
Би-би-сидің басшылығы Трамптың сөзі төңірегіндегі жанжалдан кейін қызметінен кетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп британдық Би-би-си телерадиокорпорациясын 2024 жылғы президент сайлауының нәтижесіне ықпал етуге тырысты деп мәлімдеді. Ол бұл әрекетті «демократия үшін сұмдық жағдай» деп атады.
Трамп Truth Social платформасында жариялаған жазбасында корпорацияның басшысы Тим Дэйви мен бірнеше жетекші қызметкердің жұмыстан кетуін «фальсификация дерегімен ұсталғаннан кейінгі заңды қадам» деп сипаттады.
«Би-би-сидің негізгі тұлғалары — соның ішінде Тим Дэйви — отставкаға кетті немесе қызметінен босатылды. Олар менің 6 қаңтар жөніндегі сөзімді бұрмалаған. The Telegraph-қа осы жемқор “журналистерді” әшкерелегені үшін алғыс айтамын. Бұл адамдар шетелдік болса да, біздің сайлауымызға араласуға тырысты. Мұндай әрекет — демократияға соққы», — деп жазды Трамп.
Тим Дэйви Би-би-сидегі қызметінен Трамптың сөзін бұрмалау төңірегіндегі дау өршігеннен кейін кеткенін хабарлады. Сондай-ақ жаңалықтар қызметінің жетекшісі Дебора Тернесс те отставкаға берілді.
The Daily Telegraph басылымының жазуынша, 2024 жылы президент сайлауы алдында эфирге шыққан Panorama бағдарламасында Трамптың 2021 жылғы 6 қаңтардағы мәлімдемесі монтаж арқылы өзгертілген. Бағдарламада Трамп Конгресті басып алуға үндегендей әсер қалдырған, алайда ол шын мәнінде бейбіт наразылыққа шақырған еді.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт те Би-би-сиді «ақпараттық манипуляциямен» айналысты деп айыптады.
Еске салайық, 2021 жылғы 6 қаңтарда Трамптың жақтастары 2020 жылғы сайлау нәтижесін бекіту кезінде Конгресс ғимаратына басып кірген болатын. Ол кезде Трамп АҚШ президенті қызметін атқарған. Бүлік кезінде бірқатар адам қаза тапқан, оның ішінде бір полиция қызметкері бар.
2024 жылғы президент сайлауында Трамп жеңіске жетіп, 2025 жылғы 20 қаңтарда АҚШ президенті қызметіне қайта кірісті.
Материал авторы