1216

Жезқазған мәйітханасының күйі жұртты шошытты (ВИДЕО)

Желіде тараған бейнежазба қоғамда үлкен талқы тудырды.

Жезқазған мәйітханасының күйі жұртты шошытты (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жезқазған қаласындағы мәйітхананың тозған жағдайы қоғамның ашу-ызасын тудырды. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада ғимараттың айналасы қоқысқа толы, ал нысанның өзі апатты күйде екені анық көрінеді.

Кадрларда қабырғалардың жарылып, төбесінің опырылуға шақ тұрғаны байқалады. Желі қолданушылары қала тазалығы мен денсаулық сақтау саласындағы жауапты органдардың әрекетсіздігін сынға алды.

Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл нысан 1980 жылы салынғанын, содан бері жөндеу жүргізілмегенін растады. Басқарманың мәліметінше, 2025 жылдан бастап үш жылға жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстары басталған.

Сонымен қатар, аурухана аумағында 100 орындық жаңа онкологиялық орталықтың құрылысы қолға алынған. Ал басты ғимаратта жаңа бөлімшелер ашу жоспарланып отыр.

Басқарма өкілдері денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында 2024–2033 жылдарға арналған стратегиялық жоспар бекітілгенін атап өтті.

Материал авторы