Қызылжар футбол клубы олигархтың қарамағына өтті
Клубтың жекеменшікке өтуі футболды дамытуға серпін бермек.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавлда «Қызыл-Жар» футбол клубының спорттық мұрагерлігін бекіту туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа сәйкес, клубтың Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ), FIFA және UEFA аясындағы барлық құқықтары мен міндеттемелері жаңа меншік иесіне өтеді.
Клубтың жаңа инвесторы – белгілі кәсіпкер Сергей Кан. Ол «QYZYLJAR» жеке мекемесін тіркеп, командаға толық қаржылық және басқарушылық қолдау көрсетуді қолға алды. Клуб бұрынғы атауы мен рәміздерін сақтайды.
Алдыңғы меншік иесімен жасалған келісім бойынша, барлық заңдық дауларды бұрынғы тараптар шешеді. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі клубқа бірлесіп қаржыландыру арқылы қолдау көрсетпек. Келешекте жаңа спорт базасы салынып, «Қарасай» стадионы сенімгерлік басқаруға берілмек.
Клубтың бас менеджері қызметіне тәжірибелі маман Әлішер Апсалямов тағайындалды. Ол бұған дейін «Қайрат», «Тобыл», «Атырау» секілді отандық және Cardiff City, Sarajevo сияқты шетелдік клубтарда жұмыс істеген.
Апсалямовтың айтуынша, команда жақын уақытта Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Сол уақытта жаңа маусымға қатысатын ойыншылар құрамы түзіледі.
Клубтың жекешелендірілуі басқару жүйесін жаңғыртуға, қаржылық тұрақтылықты арттыруға және аймақтық футболды дамытуға инвестиция тартуға бағытталған.
Материал авторы