Құлсарыда жасөспірімдер «лайк» үшін жалған іздеу ұйымдастырған
Адам жоғалды деп таратқан қыздар мен олардың ата-анасы жазаланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында үш 14 жасар жасөспірім әлеуметтік желіде жоғалған қыз туралы жалған ақпарат таратты. Оқиға Жылыой ауданында болған.
Тексеру барысында олардың әрекеті желідегі лайктар мен танымал болуды мақсат еткені анықталды. Полиция жасөспірімдерді тез арада анықтап, бөлімшеге жеткізді.
Тергеу нәтижесінде жасөспірімдердің ата-аналары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127-бабы, 1-бөлігі бойынша “Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін орындамау” бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аудандық полиция бөлімі атап өткендей, жалған ақпарат тарату, хайп немесе пранк үшін әрекет ету — ерлік емес, бұл қоғамдық тәртіпті бұзу және басқа азаматтарға құрметсіздік. Мұндай әрекеттер заңмен қатаң реттеледі.
Ювеналды полиция өкілдері ата-аналарды балалардың интернеттегі әрекеттерін қадағалауға шақырды:
“Балаларыңыздың желідегі әрекеттеріне мән беріңіз. Тәрбиенің жауапкершілігі қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігінің кепілі”, – деді полиция капитаны Жанаргүл Жолдасқалықызы.
Материал авторы