3508

Ақтөбелік полицей 100 мың теңге пара алғаны үшін 7 жылға сотталды

Пара алған полиция қызметкері түрмеге тоғытылды.

Ақтөбелік полицей 100 мың теңге пара алғаны үшін 7 жылға сотталды
polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында полиция қызметкері 100 мың теңге пара алғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мас күйінде көлік жүргізді деген күдікке іліккен әйелден жауапкершіліктен босату үшін ақша талап еткен.

Оқиға Алға ауданы аумағында болған. Жол-патрульдік полициясының қызметкері әріптесімен бірге Ақтөбе – Астрахань тасжолында қызмет атқарып жүрген. Алға қаласына кіреберісте олар Hyundai Accent көлігін тоқтатып, жүргізуші әйелден ішімдік ішкен-ішпегенін анықтамақ болған.

Тергеу материалдарына сәйкес, полицей әйелді медициналық тексеріске апару орнына 100 мың теңге сұраған. Ақша берілген соң, ол ешқандай шара қолданбайтынын және болашақта да «көмектесетінін» айтқан. Кейін Антикоррупциялық қызметке шағым түскеннен кейін, үйіне тінту жүргізіліп, 45 мың теңге дәлел ретінде табылды.

Айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, әйел «ішімдік ішкенін өзі мойындаған», ал пара туралы әңгіме болмаған. Дегенмен сот куәгерлер мен дәлелдер негізінде полиция қызметкерінің кінәсін толық дәлелдеп, жеті жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Сонымен қатар, сот шешімімен ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды және жәбірленушіге адвокат шығындарын өтеу үшін 1 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор