SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жол құрылысына экологиялық жаңа тәсіл енгізілмек. Енді тозған асфальт қайта өңделіп, жаңа жолдар салуға жұмсалады. Бұл бастама «Қазақ жол ғылыми-зерттеу институты» қолға алған ғылыми жоба аясында жүзеге асырылады.
Ғалымдар жолдың жоғарғы қабаттарында қолдануға болатын арнайы құрам әзірлеп жатыр. Ол ескі асфальтты жаңартып, қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл материалдарға «екінші өмір» беріп, айналымды экономика қағидаттарын іске асыруға жол ашады.
Институт мамандарының айтуынша, жаңа технология құрылыс қалдықтарын айтарлықтай азайтып, энергия тұтыну мен көмірқышқыл газының шығарылуын төмендетеді. Бұл қадам еліміздегі жол саласын экологиялық тұрғыда қауіпсіз әрі тұрақты бағытқа бұруды көздейді.
Зерттеу 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми грант аясында жүргізіліп жатыр. Жоба Қазақстанның климаттық және жол жағдайына бейімделген отандық құрам жасауға бағытталған.
Бастама жүзеге асқан жағдайда жолдардың сапасы мен беріктігі артып, елімізде «жабық цикл» қағидатына негізделген жол құрылысы дамиды. Бұл – табиғи ресурстарды үнемдеудің және саланың технологиялық деңгейін көтерудің нақты тетігі.
RUS