3018

Астаналық ер адам мүгедек балалардың арқасында байып кеткен

Мүгедек балаларға арналған арба сатамын деп алаяқтық жасаған ер адам жазаланды.

Астаналық ер адам мүгедек балалардың арқасында байып кеткен
pixabay.com / stevepb

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арбаларды сатамын деп жұртты алдаған ер адам сот үкімімен кінәлі деп танылды. Ол елдің әр өңірінен бес тұрғынды алдап, олардың сенімін пайдаланып, ақшасын иеленген.

Қалалық прокуратураның хабарлауынша, алаяқ WhatsApp мессенджеріндегі «Балаларға арналған арбалар» деген топқа хабарландыру жариялаған. Онда ол қолданылған мүгедек арбаларын арзан бағамен сататынын жазып, ата-аналардың сеніміне кірген.

Жәбірленушілер арбаларға ақы ретінде 40 мыңнан 114 мың теңгеге дейінгі соманы оның банк картасына аударған. Алайда уәде етілген зат ешкімге жеткізілмеген.

Сот айыпталушының кінәсін мойындағанын және келтірілген залалды өтегенін ескеріп, оған екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ол пробациялық бақылауда болады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін полиция азаматтарды жаңа алаяқтық әдістерінен сақ болуға шақырған еді. Қазір қылмыскерлер адамдарды алдау үшін туыстары мен таныстарының дауыстарын қолдану арқылы ақша талап етудің түрлі тәсілін меңгеріп жүр.

Материал авторы