Ресей мұнай алыбының Ирактағы жұмысы күйреді
Британия Қазақстандағы жобаларды санкция тізімінен шығарды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ирактағы «Лукойл» корпорациясы АҚШ санкцияларынан кейін «форс-мажор» жариялап, елдің оңтүстігіндегі «Батыс Курна-2» кен орнындағы қызметін ішінара тоқтатты. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.
АҚШ шектеулерінен соң Ирак үкіметі ресейлік компаниямен барлық есеп айырысуды тоқтатты — доллармен де, мұнай түрінде де төлем жүргізілмейді.
«Лукойл» Ирактың мұнай министрлігіне ресми хат жолдап, қалыпты жұмысты жалғастыру мүмкін еместігін мәлімдеді. Егер жағдай алты ай ішінде шешілмесе, компания кен орнындағы өндірісті толық тоқтатып, жобадан шығуға мәжбүр болады.
Reuters дерегінше, SOMO ұлттық мұнай компаниясы «Лукойлмен» есептесу үшін жоспарланған төрт миллион баррельге жуық мұнай жөнелтуді тоқтатқан. Қазір «Батыс Курна-2»-дегі тәуліктік өндіріс шамамен 480 мың баррельді құрайды — бұл Ирак мұнайының 9 пайызы.
Компания жобадағы шетелдік қызметкерлермен келісімшартты бұзып, жұмысты тек ресейлік және ирактық мамандар жалғастыруда.
Болгария билігі Бургас қаласындағы «Лукойл» мұнай өңдеу зауытында тексеріс бастады және қауіпсіздік шараларын күшейтті. Премьер-министр Росен Желязков үкіметтің зауытты уақытша мемлекеттік бақылауға алып, кейін жаңа меншік иесіне сатуға дайын екенін мәлімдеді.
Бұл шешім елде қабылданған жаңа заңмен үйлеседі: құжат санкция қаупі бар стратегиялық нысандарға сыртқы басқару енгізуге мүмкіндік береді.
Reuters мәліметінше, қазіргі менеджмент зауытты сату туралы шешімге дау айта алмайды.
Бұған дейін Британия «Лукойлдың» Қазақстандағы жобаларын өз санкциясынан уақытша босатқан. Бұл – «Теңізшевройлдағы» 5%, Қарашығанақтағы 13,5% және Каспий құбыр консорциумындағы 12,5% үлестер.
Шектеулерден босату 2027 жылдың қазан айына дейін жарамды.
Қазан айының соңында «Лукойл» швейцариялық Gunvor Group компаниясына шетелдік активтерін сатуға келіскен еді. Бірақ АҚШ Қаржы министрлігінің айыптауларынан кейін мәміле бұзылды. Gunvor Вашингтонның мәлімдемесін «негізсіз» деп атағанымен, келісімді тоқтатуға мәжбүр болды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай «Лукойлдың» активтерін америкалық және еуропалық компаниялар үшін ашық етуі мүмкін. Ал ықтимал сатып алушылар қатарында «ҚазМұнайГаз» да бар — оның басым сатып алу құқығы бар.
Талдаушылардың пайымдауынша, активтерді сату – санкцияны айналып өтуден гөрі қауіпсіз нұсқа, ал Қазақстан үшін бұл энергетикалық активтерге бақылауды күшейтудің нақты мүмкіндігі.
Материал авторы