1629

Жамбылда қыз өз әкесін қағып өлтірген жүргізушіге кешірім берді

Жол апатынан қаза тапқан ер адамның қызы кінәліні кешіргенін айтты.

Жамбылда қыз өз әкесін қағып өлтірген жүргізушіге кешірім берді
GregorBister / Getty Images/iStockphoto

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тас жолында болған жол апаты ісі бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Іс Тұрар Рысқұлов ауданының сотында қаралған. Тергеу дерегінше, 2025 жылдың шілдесінде Hyundai Elantra көлігін тізгіндеген ер адам жол қозғалысы ережесін бұзып, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан азаматты қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмған.

Айыпталушы кінәсін толық мойындап, болған жағдайға өкінген. Қаза тапқан ер адамның қызы сотта кінәліні кешіргенін айтты.

Сот оның өкінуін, алғаш рет құқық бұзғанын және жәбірленуші тараптың кешірімін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Нәтижесінде сот ер адамды екі жыл алты айға бас бостандығынан айырып, бес жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырды.

Үкім заңды күшіне енді.

Материал авторы