812

Хромтау әкімі пара алды деген күдікпен ұсталды

Күдікті екі жыл бұрын ғана әкім болып сайланған.

Хромтау әкімі пара алды деген күдікпен ұсталды
Хромтау ауданының әкімдігі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысының Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабықбаев пара алу күдігімен қамауға алынды. Ол тергеу аяқталғанша екі ай бойы изоляторда ұсталады. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

«Сот күдіктіні екі ай мерзімге қамауға алу туралы санкция берді. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», — делінген ресми хабарламада.

Ресми дерекке сәйкес, 40 жастағы Сағындық Шабықбаев Хромтау қаласын екі жыл басқарған. Бұған дейін қала әкімінің орынбасары болған. Еңбек жолын 2008 жылы Әйтеке би аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында бастаған. 2016 жылы аудан әкімдігінде, 2017 жылдан бастап Хромтау ауданы әкімінің аппаратында, ал 2018–2023 жылдары қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Айта кетейік, бұған дейін де өңірде мемлекеттік қызметкерлердің парамен ұсталу деректері тіркелген. Мәселен, Шалқар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Шұға Сәдукасова пара алғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Материал авторы