SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атбасарда 19 жастағы жігіт өгей әкесінің көлігін айдап кетіп, бірнеше көлікті соққан. Оқиға 7 қарашада Ақмола облысының Атбасар қаласында болған.
Полицияға қала тұрғыны арызданып, құны 9 миллион теңгеден асатын көк түсті Toyota Corolla көлігінің ұрланғанын хабарлаған.
Тексеру барысында көлікті оның өгей ұлы айдап кеткені белгілі болды. Үйде ол сол түні әжесі мен қарындасымен бірге болған. Ата-анасы Астанаға кеткен соң, бозбала түн ортасында гараждағы қосалқы кілтті пайдаланып, көлікті айдап қала көшелеріне шыққан.
Бауыржан Момышұлы көшесімен шамамен 60 шақырым жылдамдықпен келе жатып, ол жолдың тайғақты болуына байланысты көлікті басқара алмай қалған. Нәтижесінде Toyota Corolla алдымен Changan көлігіне соғылып, ол инерциямен Toyota Land Cruiser-ге соқтығысқан. Артынша Corolla жүк көлігінің тіркемесіне де соғылған.
Полицияның мәліметінше, жол-көлік апатында ешкім жарақат алмаған. Жігіт мас болмаған, бірақ жүргізуші куәлігі де, көлік жүргізуге рұқсаты да болмаған. Ол кінәсін толық мойындаған.
Көлік айыптұраққа қойылды. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің тиісті бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
RUS