2054

«Бәріне сабақ болды»: Облыс әкімі полиция бекетінде табылған қыздың өлімі туралы айтты

Қарағандыдағы полиция бекетінде 23 жастағы қыздың мәйіті жалаңаш күйінде табылған еді.

«Бәріне сабақ болды»: Облыс әкімі полиция бекетінде табылған қыздың өлімі туралы айтты
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев өңірдегі полиция бекетінде болған қайғылы оқиғаны талқылады.

Брифинг кезінде журналистер облыс билігі осы жағдайдан қандай сабақ алғанын сұрады. Әкімнің айтуынша, ішкі істер органдары өз қорытындысын жасап, бірқатар тәртіптік шараларды қабылдаған.

«Барлығы үшін сабақ болды деп ойлаймын. Бұл тек полицияға емес, барлығына сабақ», – деді Ермағанбет Бөлекбаев.

Еске сала кетейік, 30 қыркүйек күні кешке 23 жастағы Эльмира есімді қыз полиция бекетінде өлі әрі жалаңаш күйінде табылған. Сол күні аға учаскелік инспектор диванда ес-түссіз жатқан қызды көрген. Дәрігерлер келген кезде оның тіршілік белгілері болмағаны анықталды. Көршілес бөлмеде 36 жастағы майор да ес-түссіз жатқан. Ол дереу ауруханаға жеткізілді.

Қайтыс болған қыздың артында төрт жасар ұлы қалды. Құқық қорғау органдары екі адамның да денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ екенін хабарлады. Өлім себебі әлі анықталмаған.

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, марқұм мен полицей бір-бірін бұрыннан таныған. Қайғылы оқиғадан кейін бірқатар басшылар қызметінен босатылған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор