SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласының Медеу ауданын жаңа жылдық безендіруге 160 миллион теңге бөлінді. Бұл туралы аудан әкімі Еркебұлан Оразалин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, бастапқыда мерекелік безендіруге 200 миллион теңге қарастырылған. Алайда мемлекеттік сатып алу конкурстарының нәтижесінде келісімшарт сомасы 160 миллион теңгеге дейін төмендеген.
«Тендер көктемде өткізілді. Соның арқасында қажетті материалдарды ертерек сатып алуға және бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік туды», – деді аудан әкімі.
Жоспарға сәйкес, безендіру жұмыстары тек аудан аумағында ғана емес, Шығыс айналма жолының бойындағы муралдар мен көпірлерді де қамтиды. Барлық материалдар жеткізілген, ал мерекелік шамдар мен декорацияларды орнату келесі аптада басталады.
Медеу ауданындағы дәстүрлі жаңа жылдық безендіру желтоқсанның ортасында толығымен іске қосылады деп жоспарланып отыр.
RUS