962

Депутат Мұрат Әбенов заңсыз берілген несиелерді жоюды ұсынды

Халыққа берілген заңсыз кредиттерді есептен шығару ұсынылды.

Депутат Мұрат Әбенов заңсыз берілген несиелерді жоюды ұсынды
@mazhilis_kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов заңсыз рәсімделген барлық қазақстандық кредиттерді жою қажеттігін талап етті. 

Оның айтуынша, биометриялық деректер немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы берілген қарыздарға ерекше назар аудару қажет. Депутат соңғы жылдары банктер клиенттің жеке қатысуынсыз, ескі мәліметтерді пайдаланып, заңға қайшы әрекет жасауды көбейтті деп мәлімдеді.

«Жақында бір азамат ірі банкке шағымданды. Банк бейнежазба бар деді. Ұлттық банктен сұрадық – оның жүйеден өтпегенін айтты. Банк 2014 жылғы фотосурет арқылы биометрия жасалғанын айтты. Бұл кредит заңсыз деп танылуы тиіс, өйткені адам алданған», – деді Әбенов Мәжіліс отырысында.

Депутат цифрландырудың осал топтағы азаматтар үшін қауіп төндіретінін атап өтті.

«Шамамен екі миллион адам мобильді байланысқа және интернетке қол жеткізе алмайды. Алаяқтар осыны пайдаланып, заңсыз несие рәсімдейді», – деді ол.

Әбенов цифрландырудан бас тарту және құжатқа жеке қол қою құқығын қалпына келтіруді ұсынды, ал банктерді заңсыз деректерді қолданғаны үшін жауапкершілікке тартуды талап етті.

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіп, заңсыз жасалған биометрия немесе электрондық қолтаңба арқылы кредит рәсімделген жағдайда дәлелдер зардап шеккен азаматқа тиімді болуы тиіс екенін айтты.

Депутат Мәжіліс отырысында бір жыл ішінде жалған биометрия немесе электрондық қолтаңба арқылы берілген барлық заңсыз кредиттерді есептен шығаруды талап етті.

Материал авторы