SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде Белқопа маңында болған ауыр жол апатынан аман қалған 16 жастағы жасөспірім комадан шықты. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Ол 12 адамның өмірін қиған апаттан кейін бірнеше апта бойы ес-түссіз жатқан. Дәрігерлердің мәліметінше, оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда.
«Науқас дәрігердің нұсқауларын орындай алады, бірақ медициналық себептерге байланысты әзірге сөйлей алмайды», – деді басқарма өкілдері.
Қазір жасөспірім облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оң өзгеріс байқалып отырғанын, науқастың ерте оңалту кезеңі басталғанын айтады. Алда оны ұзақ әрі күрделі қалпына келу процесі күтіп тұр.
Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 23 қазанда Әйтеке би ауданында болған еді. Белқопа ауылына жақын маңда жүк көлігі DAF пен жолаушылар тасымалдайтын «Газель» соқтығысқан. Салдарынан 12 адам қаза тапты, олардың арасында екі жүргізуші мен 3 және 9 жастағы балалар болған. Комадан шыққан бозбала – сол апаттан тірі қалған алты адамның бірі.
RUS