Қытаймен шекарада ұзын-сонар кезек: 1500 жүк көлігі бірнеше күннен кептеліп тұр
Қытай шекарасы жүк қабылдауды азайтқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы «Нұр жолы» кеден бекетінде шамамен 1500 жүк көлігі бірнеше тәулік бойы кезекте тұр. Жүргізушілердің айтуынша, өткізу қарқыны өте баяу, кей көліктер ұзақ уақыт бойы қозғалыссыз қалып отыр.
Өткен айдың соңында Үрімшіде өткен ресми кездесуде Қытай тарапы тәулігіне 800 жүк көлігін қабылдауға дайын екенін, кейін бұл санды 1000-ға дейін арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Осыған байланысты Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті электронды кезек жүйесіндегі шектеуді ұлғайтқан.
Алайда соңғы күндері Қытай жағы қабылдайтын көлік саны 700-ге дейін, кейін 650-ге дейін қысқарған. Нәтижесінде, шекарадағы өткізу қабілетінің төмендеуі ұзын-сонар кезекке себеп болып отыр.
Мемлекеттік кірістер департаменті бөлім басшысы Азамат Алдабергеновтің айтуынша, жүк көліктері үшін электронды кезек мерзімі 72 сағатқа дейін ұзартылған.
– Кеден бекеті мен «Нұр жолы» әкімшілігі тасымалдаушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл мәселе Мемлекеттік кірістер комитетінің тұрақты бақылауында, – деді ол.
Материал авторы