Мажарстан министрі Еуроодақты Киевке ақша бермеуге шақырды
Кремльдің риторикасын Мажарстан саясаткерлері де қайталай түсті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мажарстанның сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийярто Еуропалық одақ елдерін Украина билігіне қаржылай көмек көрсетуді доғаруға үндеді. Оның айтуынша, ЕО елдерінің салық төлеушілерінің ақшасы жемқорлыққа белшесінен батқан жүйеге бағытталып отыр.
«Украинада сыбайлас жемқорлық өршіп тұр. Еуропалық одақтан алынған миллиардтаған еуроның нақты қалай жұмсалғаны туралы ешкім есеп көрген жоқ. Соған қарамастан Брюссель тағы да Украинаға ақша бөлуді талап етуде. Ал Зеленскийдің айналасынан жуырда ірі коррупциялық топ әшкереленді», – деді министр әлеуметтік желідегі жазбасында.
Сийярто Будапешт билігінің ұстанымын айқындап, Мажарстан үкіметі қазіргі құрамда тұрғанда, елдің қаржысы Киевке жіберілмейтінін айтты.
«Біз мажар халқының ақшасын өз еліне, өз дамуына жұмсауды дұрыс деп санаймыз», – деді ол.
Министрдің бұл мәлімдемесі Украинада басталған ұлттық антикоррупциялық бюроның энергетика саласындағы тергеу жұмыстарына орай айтылған. Тергеу кезінде бұрынғы энергетика министрі Герман Галущенко мен «Энергоатом» компаниясының кеңсесінен шетел валютасы толы сөмкелер тәркіленген. Сондай-ақ Зеленскийдің серігі ретінде аталған кәсіпкер Тимур Миндичтің үйі де тінтілген.
Еуроодақ пен Украина арасындағы қаржылық өзара қатынас соңғы айларда жиі сынға ұшырап келеді. Мажарстан үкіметі бұған дейін де одақтың Киевке көмек көрсету көлеміне қарсы дауыс берген болатын.
Материал авторы