Қазақстан Ресейден Екатерина Биволды іздеуге көмектесуді сұрады
Ресейлік боксшының бұрынғы әйелі қазақтар мен қырғыздарға тіл тигізгені үшін жазаланбақ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бұрынғы боксшы Дмитрий Биволдың әйелі Екатерина Биволды іздеу және мүмкін ұстау бойынша Қазақстан Ресей құқық қорғау органдарымен байланыс орнатқан. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Санжар Әділовтің айтуынша, Қазақстанда әлем чемпионы Дмитрий Биволдың бұрынғы жары Екатерина Биволға қатысты тергеу жалғасуда. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалған және халықаралық іздеуде тұр.
Орынбасар министрдің сөзінше, қазақстандық тарап ресейлік полициямен тікелей байланыс арналарын орнатқан.
«Биволдың әйелі туралы айтатын болсақ, бұл тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған, тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде халықаралық іздеу жарияланған, және оған қатысты алдын ала ұстау шарасы – сырттай қамау тағайындалған.
Ресей Федерациясының полиция қызметтерімен арнайы арналар арқылы байланыстамыз. Егер Биволдың әйелі ұсталса, біз Бас прокуратура органдары арқылы ақпарат аламыз, содан кейін экстрадиция мәселелері шешіледі», – деді Санжар Әділов Сенаттағы брифингте.
Ведомствода тергеу шаралары әлі де жалғасып жатқаны атап өтілді.
Еске салсақ, Екатерина Бивол бұған дейін әлеуметтік желілерде қазақтар мен қырғыздарға қатысты қорлайтын мәлімдемелер жасаған видеоны жариялаған еді.
Материал авторы