Қоғамдық орындарда кальян шегуге қайтадан рұқсат берілуі мүмкін
Қазақстанда кальянға салынған тыйымды алып тастау талқыланып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда қоғамдық орындарда кальян шегуге және оны елге әкелуге қатысты тыйымды алып тастау мәселесі талқыланып жатыр. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов хабарлады.
«Бұл мәселе ауқымды түрде қаралуда. Алдымен, кальян құралдарын елге әкелуге рұқсат беру, құрал-жабдықты пайдалану тәртібі, сондай-ақ кальянға арналған заттарды қолдану мәселелері қаралады. Бұл талқылауға мейрамханалар мен басқа да ойын-сауық орындарындағы қолдану уақыты да кіреді.
Барлық аспектілер ашық талқыланып жатыр. Алдағы уақытта қосымша қоғамдық тыңдаулар болады, кейін мәселе шешімін табады», – деді Әділов сенаттағы жиын барысында.
Алайда вейптерге қатысты тыйым немесе жеңілдету мәселесі қарастырылмайды. Керісінше, бұл саладағы жауапкершілік күшейтілуде.
«Вейптерге қатысты біздің позициямыз айқын – қатаң бақылау және жауапкершілікті күшейту. Жақында депутат Нұргүл Тау бастамасымен қосымша шаралар қабылданды. Олар сату мен тасымалдауға қылмыстық жауапкершілікті қарастырады», – деп атап өтті министр орынбасары.
Материал авторы