Қостанайда жоғалған қария қамыс арасынан табылды
Ер адам үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай облысында бірнеше сағат бойы іздестірілген қария қамыстың арасынан аман табылды.
Ер адам есте сақтау қабілетінің бұзылуынан зардап шегетінін анықталды. Бұл – оның алғаш рет жоғалуы емес, бұған дейін де үйден шығып кетіп, адасып қалған жағдайлары болған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 12 қараша күні сағат 12:00 шамасында Бобровка ауылының тұрғыны үйінен шығып, қайта оралмаған. Туыстары дереу 112 қызметіне хабар берген.
«Жоғалған ер адамның есте сақтау қабілеті әлсіреген, өзімен бірге ұялы телефоны болмаған. Бұған дейін де бірнеше рет үйден кетіп қалып, табылған», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Іздеу жұмыстарына ТЖМ-нің 7 қызметкері, 2 техника және бір дрон, сондай-ақ полицияның 15 қызметкері мен 10 ерікті жұмылдырылған.
Бірлескен іздеу шарасының нәтижесінде ер адам көл маңындағы қамыстың арасынан табылды. Құтқарушылар оны дереу медицина қызметкерлеріне тапсырған. Дәрігерлер қарияның жағдайын тексеріп, қажетті көмек көрсеткен.
Материал авторы