SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы «Арыстан» тұрғын үй кешенінде лифт шахтаға құлап, бір техник қаза тауып, екеуі жарақат алды.
Куәгерлердің айтуынша, лифт жөндеу жұмыстары кезінде үш маман шахтада болған. Сол сәтте лифт кенеттен қозғалып, төмен құлаған. Оқиға орнында бір жұмысшы көз жұмған, екеуі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Тұрғындардың айтуынша, жағдай Төлебаев көшесіндегі «Арыстан» тұрғын үй кешенінде болған. Жұмысшылардың барлығы лифт қызметін көрсететін компанияның қызметкерлері.
«Бір қызметкер оқиға орнында қаза тапты. Екі адам қалалық №1 көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Бірінің жағдайы ауыр, екіншісінің жағдайы орташа. Екеуіне де қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деп хабарлады әкімдік.
Тұрғындар бұл кешендегі лифт мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқанын айтады. Олардың сөзіне қарағанда, ғимарат пайдалануға берілген сәттен бастап лифт жиі істен шығып, адамдар қамалып қалған жағдайлар да болған.
«Лифт қауіпті күйде жұмыс істеп тұрды. Біз бірнеше рет компания мен әкімдікке жүгіндік, бірақ ешқандай нақты шара қабылданған жоқ», – дейді тұрғындардың бірі.
Белгілі болғандай, «Арыстан» тұрғын үй кешенін 2020 жылы «Елорда Құрылыс Компаниясы» салған. Кейбір мәлімет бойынша, лифтілердің техникалық жарамдылығына қатысты сараптама екі рет өткізілгенімен, талаптарға сай нәтиже бермеген.
Айта кетейік, бұл аталмыш нысанда лифтіге байланысты алғашқы жағдай емес. Бұған дейін, 13 тамыз күні дәл осы тұрғын үй кешенінде 9 қабаттан лифт кабинасы ішінде бала бар кезде жерге құлаған. Абырой болғанда қыз аман қалып, құйымшағынан жарақат алған.
Ал 29 қыркүйекте, дәл осы үйде бірнеше тұрғын лифт ішінде қалып қойған. Ол кезде лифт бесінші және алтыншы қабаттың ортасында тоқтап, іште байланыс та, интернет те болмаған. Адамдар көмек шақыра алмай, есікті ұрып, айқайлауға мәжбүр болған.
Қазір қалалық полиция мен денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
RUS