Полиция бекетіндегі қыздың өлімі: Бекетте болған майор қызметінен қуылды
Майордың комаға қалай түскені, ал қыздың қалай қайтыс болғаны әлі белгісіз.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыдағы 23 жастағы қыздың өліміне қатысты резонансты істегі учаскелік инспектор Дәурен Досов ауруханадан шығарылып, қызметінен босатылды.
30 қыркүйекте полицияның тірек пунктінде майор ес-түссіз күйде табылған. Ал көршілес бөлмеден сол күні қайтыс болған жас қыздың мәйіті анықталған еді.
Досов қазір толық оңалған. Алайда тәртіп сақшысы қызметтік этика мен талаптарды өрескел бұзғаны үшін жұмыстан қуылды.
Полиция майорды қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде тіркеді. Қыздың неден көз жұмғаны және майордың комаға қалай түскені жөнінде ешбір мемлекеттік орган ресми түсініктеме берген жоқ. Дәрігерлер оны «дәрігерлік құпияға», полиция – «сараптама нәтижесіне» сілтеп отыр.
Айта кетейік, оқиға 29 қыркүйектің түнінде болған. Тергеу мәліметінше, учаскелік инспектор танысы болған қызды қызметтік бөлмеге өзі алып келген. Қыз ұсталған жоқ — өзі келген. Кейін белгілі болғандай, екеуі қарым-қатынаста болған. Майор оны түнгі кезекшіліктерге бұған дейін де ертіп келген.
Ертеңіне тірек пунктіне келген аға учаскелік инспектор әріптесін ес-түссіз күйде, ал қызды өлі күйінде тапқан. Майор ауруханаға жеткізілді.
Резонанс тудырған оқиғадан кейін үш полиция басшысы лауазымынан қуылып, тағы бірнеше қызметкерге тәртіптік жаза берілді.
Материал авторы