504

Трамп: Ресеймен сауда жасайтын кез келген елге қатаң санкция саламыз

Вашингтон 500% баж салығын қарастырып отыр.

Трамп: Ресеймен сауда жасайтын кез келген елге қатаң санкция саламыз
Evan Vucci/AP

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен экономикалық байланысын үзбейтін мемлекеттерге қатысты жаңа, аса қатаң санкциялық шараларды қолданысқа енгізуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Ресейге қарсы «соққы беретін» жаңа заң жобасын қолдай отырып айтты.

Президенттің сөзінше, Вашингтон қажет деп тапса, құжатқа Иран да енгізілуі мүмкін.

Әңгіме сенатор Линдси Грэм мен Ричард Блюменталь ұсынған заң жобасына қатысты. Құжат Ресей Украинамен ұзақ мерзімді бейбіт келісімге келуден бас тартқан жағдайда, ресейлік мұнай, газ, уран және өзге де өнімдерді сатып алатын елдерден импортқа 500 пайыздық баж салығын енгізуді көздейді.

Сенаторлар бұл шараны 2025 жылдың маусымындағы G7 саммитіне дейін қабылдауды жоспарлаған. Алайда Трамп Ресей-Украина дағдарысын реттеу жөніндегі мәлімдемелерінен кейін құжат бойынша жұмыс уақытша тоқтатылған.

Қазан айында Сенаттағы республикалық көпшілік жетекшісі Джон Тьюн заң жобасын Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы кездесу өткенше талқылаудан алып тастағанын айтқан. Оның сөзінше, республикашылдар құжатты дауысқа шығару үшін дайын, бірақ бұл мәселе Ақ үймен толық келісілгеннен кейін ғана жүзеге асады.

22 қазанда АҚШ Қаржы министрлігі «Роснефтьке», «Лукойлға» және оның 50 пайыздан астам үлесі бар еншілес компанияларына қатысты санкциялар енгізді.

Материал авторы