332

Халықты қорғаған жоба: Анти Call-орталық үш айда 70 мың алаяқ қоңырауды тоқтатты

Бас прокурор интернет-алаяқтықпен күрес туралы ашып айтты.

Халықты қорғаған жоба: Анти Call-орталық үш айда 70 мың алаяқ қоңырауды тоқтатты
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Бас прокурор Берік Асылов интернет-алаяқтықпен күрес бойынша жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесін жариялады. Оның айтуынша, биыл прокуратура органдары мен «Қазақтелеком» бірлесіп Астанада іске қосқан Анти Call-орталық күмәнді халықаралық қоңырауларды бұғаттап, қылмыстың алдын алуға бағытталған ерекше жобаға айналды.

Орталық үш айдан аса уақыт ішінде қазақстандықтарға бағытталған 70 мыңнан астам шетелдік қоңырауды тосқауылдаған. Жоба тәулік бойы жұмыс істейді және прокурорлардың үйлестіруімен кәсіби операторлармен қамтамасыз етілген.

Асыловтың мәліметінше, Астанада интернет-алаяқтық 10 айда 22 пайызға азайған. Бұл — мыңдаған азаматтың қаржылық шығыннан және алдаудан қорғалғанын білдіреді.

Анти Call-орталық алаяқтардың шетелдегі колл-орталықтарын және қылмыс жасауға пайдаланатын құрылғыларын анықтауға да көмектесуде. Ресей, Украина және Армения құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде он қылмыстық «офис» таратылып, 63 адам ұсталды. Тәркіленген жүздеген арнайы құрылғыдан бейне мен дауысты қолдан жасаған (deepfake) бағдарламалар және қазақстандықтардың деректер базалары табылған.

Бас прокурор халықаралық кооперацияның шешуші рөлін атап өтті. Беларусь құқық қорғау органдарымен бірлескен жедел-тергеу тобы құрылған. Қазір бұл ел аумағында басқа мемлекеттердің, соның ішінде Қазақстан азаматтарын алдаған 55 адам жауапқа тартылып жатыр. Олардың қазақстандықтарға келтірген шығыны 67 млн теңгеден асқан.

Асыловтың тапсырмасымен Анти Call-орталықтар еліміздің басқа өңірлерінде де құрылып жатыр. Бас прокурор киберқылмысқа қарсы жүйелі жаңашылдықтарды енгізу жалғасатынын айтты.

Материал авторы