SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында полиция қызметкерлеріне оқ атқан ер адам оқиға орнында көз жұмды. Қарулы қарсы шабуыл кезінде бір полицей жараланды. Бұл туралы өңірлік департамент мәлімдеді.
Мәліметке қарағанда, Мақтаарал аудандық полициясына жергілікті тұрғын хабарласып, бұрынғы күйеуі үйіне қарумен келіп, балалардың көзінше жанжал шығарғанын айтқан.
Оқиға орнына жеткен полицейлерді көрген ер адам үйден атып шығып, көрші ауладағы қораға жасырынып қалған. Тәртіп сақшылары қауіптің күшеюіне жол бермеу үшін аумақты қоршауға алды.
Департаменттің хабарлауынша, заңды талаптарға бағынудан бас тартқан ер адам оқ атып, бір полицейді жаралаған.
Шабуылды тоқтату үшін қызметкерлер алдымен ескерту ретінде ауаға оқ шығарған. Алайда қарулы адам қаруын тастамаған соң, заң аясында күш қолданылып, табельдік қару пайдаланылған. Алған жарақаттан күдікті сол жерде көз жұмды.
Оқиға орнынан тіркелмеген қару-жарақ, оқ-дәрілер және гильзалар табылды. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.
Істің барысы облыстық полиция басшылығының бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша мәлімет жарияланбайды.
RUS