SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Екібастұзда 40 жастағы ер адам тізесі ауырғаннан кейін барған жеке клиникада жасалған уколдан соң бірнеше күн ішінде көз жұмды. Марқұмның жақындары оның өліміне дәрігерлердің дұрыс әрі дер кезінде көмек көрсетпеуі себеп болды деп есептейді.
Іrbis.tv таратқан дерекке қарағанда, 8 қыркүйекте Жеңіс Бекжігітов оң тізе буынының остеоартриті деген диагноз қойылғаннан кейін клиникада бұлшықетке укол алған.
«10 қыркүйекте сағат 15:50-де дәрігер укол салды. Ертеңіне қатты ауырсыну мен ісіну басталды. Жедел жәрдем 40-50 минут күдірді. Дәрігер телефонмен тек аспирин мен диклофенак қабылдауды ғана айтты», — дейді жақындары.
12 қыркүйекте науқастың жағдайы күрт нашарлаған: дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пен естен тану белгілері байқалған. Туыстары оны өздері қаладағы ауруханаға жеткізді. Онда науқасқа шұғыл операция жасалып, келесі күні реанимацияға ауыстырылған. Алайда 14 қыркүйек таңында ер адам қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Павлодар облысында оқиғаға байланысты ресми тексеріс басталғанын хабарлады.
Аймақтық департамент тәуелсіз мамандарды — терапевт, анестезиолог-реаниматолог және травматологты тартқан. Науқас барған барлық медициналық ұйымдар бір маршруты бойынша тексеріліп жатыр. Тексеріс Екібастұз полициясының тергеу бөлімі шығарған қаулы негізінде жүргізілуде.
Ведомство, егер заңбұзушылықтар анықталса, материалдар полицияға жолданып, іс процессуалдық шешім қабылдау үшін тергеуге берілетінін мәлімдеді.
RUS