Қазақстан құрамасының жеңілісінен соң Байсуфинов жанкүйерлерден кешірім сұрады
Бас бапкер ойындағы басты кемшіліктерді атады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан ұлттық құрамасы Фарер аралдарымен өткен жолдастық кездесуде 0:1 есебімен ұтылды. Ойыннан кейін бас бапкер қызметін уақытша атқарып жүрген Талғат Байсуфинов команда нәтижесіне қатысты пікір білдіріп, жанкүйерлерден кешірім сұрады. Дегенмен бұл оның бас бапкерлікке тағайындалғаннан бергі алғашқы жеңілісі.
Байсуфиновтың айтуынша, матчқа дайындық жеңіске бағытталғанымен, команда ойын барысында бірнеше негізгі кемшілігін ашып алды.
«Бізге жеңіл ойнау жетіспеді. Екіншіден, креативпен ойнайтын футболшылар болмады. Жұмат пен Эльхан Астанов тырысты, бірақ біз құрылымды бұзбай ойнау қажеттігін ескерткенбіз. Қапталдағы шабуылшылар креативке сүйенуі керек еді, сол жоқ болды», деді ол.
Үзіліс кезінде командаға орталыққа жиі ойысу қажеттігі ескертілген. Алайда түзетулер нәтиже бермеді.
«Жанкүйерлердің ашулануын түсінеміз. Кешірім сұраймыз. Фарер аралдарының құрамасы жақсы қарқын көрсетті. Бізге агрессия жетіспеді. Ойынды жандандыру үшін орталықтағы позицияларды ауыстырдық. Қарсылас қорғаушылары биік болғандықтан, тебуден пайда әкелмеді. Тағы да айтамын: креативті ойнайтын ойыншылар жетіспеді», деді бапкер.
Осы матч ұлттық құраманың биылғы жылғы соңғы ойыны болды. Байсуфинов кеткен есесін толтыра алмай, бірінші рет жеңілді. Бұған дейін оның жетекшілігімен Қазақстан бір жеңіс (Лихтенштейн – 4:0) және екі тең ойын (Солтүстік Македония және Бельгия – 1:1) көрсеткен.
Материал авторы