АҚШ пен Ресей Украинаның сыртынан құпия келіссөз бастады – БАҚ
Трамп әкімшілігі Мәскеумен 28 тармақтық құпия жоспар әзірлеп жатырғаны айтылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Ресей билігімен Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған жасырын келіссөздер жүргізуде. Бұл туралы 19 қарашада америкалық Axios басылымы АҚШ және Ресей шенеуніктеріне сілтеме жасап мәлімдеді.
Басылымның дерегінше, тараптар 28 тармақтан тұратын жобаны талқылап жатыр. Құжат төрт негізгі бағытты қамтиды: Украинадағы бейбіт келісім, қауіпсіздік кепілдіктері, Еуропадағы қауіпсіздік архитектурасы және Вашингтон–Мәскеу–Киев үштағандығының болашағы. Жоспар Трамптың Таяу Шығыстағы, соның ішінде Газа секторындағы келісім әрекеттерінен шабыт алғаны айтылды.
Axios мәліметінше, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф осы құжатпен тікелей жұмыс істеп отыр. Ол Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен жоспардың егжей-тегжейін талқылаған.
Дмитриев 24–26 қазан аралығында Майамиға барып, Уиткофф және Трамп командасының басқа мүшелерімен келіссөздер жүргізгенін растаған. Ол X желісінде:
«АҚШ-та Уиткоффпен өткен үш күндік өнімді келіссөздерде бейбітшілікке, сауда мен экономикалық ынтымақтастыққа қатысты жол картасын талқыладық. Жақын уақытта ілгерілеу болады деп күтеміз», – деп жазды.
Axios әзірге жоспардың нақты тармақтары мен тараптардың Украинадағы аумақтық мәселелер бойынша ұстанымын жарияламады. 18 қарашада Дмитриев порталға Ресей мен АҚШ-тың жаңа тұтқындар алмасу мүмкіндігін талқылағанын ғана хабарлаған.
Материал авторы