SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, медицина қызметкерлеріне қол көтергендерге берілетін жаза едәуір күшеймек. Мәжілісте дәрігерлер мен басқа да медқызметкерлерге күш көрсеткендерге қылмыстық жауапкершілікті қатайту жөніндегі заң жобасы қаралып жатыр.
Төменгі палата кулуарында бастаманың мән-жайын депутат, бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі нормалар тым жұмсақ: бүгінгі таңда жеңіл дене жарақаты немесе ұрып-соғу фактілері үшін 25–50 тәулікке қамау не орта есеппен 200 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Ал дәл осы әрекет медициналық қызметкерге қатысты жасалса, жаза бірнеше есеге ауырламақ.
Депутаттың айтуынша, санкция үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін күшейеді, айыппұл шегі 1000 АЕК-ке өседі, ал қоғамдық жұмыстар көлемі 600 сағатқа дейін ұлғаяды.
«Медқызметкерге қарсы жасалған құқықбұзушылыққа жауапкершілікті күшейту – әріптестеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет», – деді ол.
Орта ауырлықтағы жарақат үшін жазалар бұдан да қатал болмақ. Ал егер дәрігердің денсаулығына ауыр зиян келтірілсе, қылмыскер 12 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.
Аймағамбетов мұндай шаралардың қажеттілігін саланың қазіргі ахуалымен байланыстырды: қабылдау бөлімдерінде жұмыс істейтін мамандар пациенттер мен олардың туыстары тарапынан жиілеген агрессиядан қорқатын болған. Медициналық кадрлар жетіспей тұрған кезеңде Қазақстан дәрігерлердің қауіпсіз жұмыс істеуіне жағдай жасауы тиіс, деп атап өтті депутат.
Оның сөзінше, әзірленген түзетулер Үкімет пен ІІМ тарапынан толық қолдау тапқан.
RUS