SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысында үйінен жасырын шығып кеткен екі жасөспірім тауға кіріп, екі тәулік бойы жоғалып жүрген. Балаларды полиция дронның көмегімен тау арасынан тірі күйінде тапты. Бұл туралы ІІМ мәлімдеді.
Мәліметке қарағанда, Ескелді ауданында ата-аналар кәмелетке толмаған екі баласының жоғалғанын хабарлаған. Жасөспірімдер ешкімге айтпай, атқа мініп үйден кетіп қалған.
Іздеу жұмыстары дереу басталды. Полицияның кезекші нарядтары, учаскелік инспекторлар, кинологтар, еріктілер мен жергілікті тұрғындар түгел жұмылдырылған. Топтар елді мекенді айнала, беткейлері қиын таулы аумақтарды да түгел қарап шыққан.
Балаларды табуда әуе техникасы шешуші рөл атқарды. Полициялық дрон таулы аймақты әуеден шолып, жасөспірімдердің ықтимал бағытын анықтау арқылы іздеу топтарын дұрыс нүктеге бағыттаған. Соның арқасында балалардың орнын тез арада белгілеуге мүмкіндік туған.
Қиын жерлерді тексергеннен кейін, шамамен екі тәулікке созылған үздіксіз іздеуден соң жасөспірімдер аман-есен табылды. Олар ата-анасына жеткізілді.
RUS