398

Ақтөбеде мектеп директорлары мен департамент басшысы сотталды

Коррупцияға қатысы бар деген шенеуніктер жазаланды.

Ақтөбеде мектеп директорлары мен департамент басшысы сотталды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде білім саласындағы бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты даулы іс бойынша сот үкімі шықты. Коррупциялық әрекеттерге қатысы бар деп танылған департамент қызметкері мен екі мектеп директоры, сондай-ақ аудандық бөлімнің сектор меңгерушісі жауапқа тартылды.

Сотталушылар соңғы сөзінде кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. Тек №74 мектептің директоры өзіне қысым жасалғанын мәлімдеп, жасалған әрекеттерін «психологиялық мәжбүрлеудің нәтижесі» деп түсіндірді.

Айыпталушылар қатарында:

Ақтөбе облысы бойынша білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің бөлім басшысы Асқар Кемешов;

Ақтөбедегі №74 мектеп директоры Гүлзат Бақтарбаева;

Нарқызыл негізгі мектебінің директоры Алтынгүл Төлегенова;

Ырғыз ауданы білім бөлімі сектор меңгерушісі Алмагүл Бекниязова бар.

Оларға «Пара алу», «Пара беру» және «Парақорлыққа делдал болу» баптары бойынша айып тағылды.

Асқар Кемешов сотта кінәсін толық мойындап, жеке жағдайын алға тартты:

«Үйде ауыр науқас ата-анам бар, үш балам кәмелетке толмаған. Қателігім үшін шын өкінемін», – деді ол.

Нарқызыл мектебінің директоры мен Ырғыз аудандық сектор меңгерушісі де бостандықтан айырмауды сұрады.

Ал №74 мектептің басшысы Гүлзат Бақтарбаева әрекетке қысым салдарынан барғанын айтты. Оның сөзінше, сот-психологиялық сараптама да «қорқыту мен бағыныштылық жағдайында болғанын» растаған.

Сот үкіміне сәйкес:

Асқар Кемешов – параның 60 еселенген мөлшері, 7 000 200 теңге айыппұл;

Гүлзат Бақтарбаева – параның 15 еселенген мөлшері, 1 050 000 теңге айыппұл;

Алтынгүл Төлегенова – 15 еселенген айыппұл, 750 000 теңге;

Алмагүл Бекниязова – 10 еселенген айыппұл, 500 000 теңге төлеуге міндеттелді.

Барлық сотталушыға мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салынды.

Материал авторы