450

«Ешқандай медаль оны қайтара алмайды»: Ұлдана Мырзуанның күйеуі тергеудің әділ өтуін талап етті

Марқұм фельдшердің күйеуі істі соңына дейін жеткізетінін айтты.

«Ешқандай медаль оны қайтара алмайды»: Ұлдана Мырзуанның күйеуі тергеудің әділ өтуін талап етті
@zeineladilet

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы, дәрігер Әділет Зейнел, қазақстандықтарға алғыс айтып, істің толық әрі әділ тергелуін талап ететінін мәлімдеді. Оның мәлімдемесі Threads-парақшасында жарияланды.

Әділет Зейнел жазбасында жұбайын аман алып қалуға барын салғанын, ал ендігі міндеті – оның өліміне қатысты барлық мән-жайды анықтау екенін жеткізді. Ол жауапты тұлғалар жазасыз қалмауы тиіс деп атап өтті.

«Ешқандай медаль, ешқандай сөздер менің жүрегімнің иесін маған қайтарып бере алмайды. Үйіме нұр, құт-береке әкелген, Алла қосқан адал жарымның тілеуін тілеген барша Қазақ еліне алғысым шексіз. Осы уақытқа дейін Алладан жүрегімді аман алып қалуын тілеп, қасында барынша көп болып дұға еттім. Сабыр қылып, бәрін сабырға салдым. Ендігі де менде талап: соттың адал өтуі, тергеудің адал қаралуы. Құдай қосқан қосағымның жаны тыныш болуы үшін осыны аяғына дейін алып бару керек. Жауаптылар жазасын алу керек!!!», – деп жазды ол.

Ұлдана Мырзуан 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты үйдің сыртқы қаптамасы мен кондиционер құрылғысы құлаған кезде зардап шеккен. Ол сол сәтте үйінді астында қалған ер адамға көмек көрсетуге тырысқан. Оқиға орнында алған жарақаттан оның басына ауыр операция жасалды, алайда 18 қарашада фельдшер ауруханада көз жұмды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойған. Кеше Астанада фельдшермен қоштасу рәсімі өтті.

Материал авторы