SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының полициясы 11 қарашада Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың қамаудағыларға арналған кабинаның пластик терезесін сындыруына қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Бұл оқиға үкім жарияланардан бірнеше минут бұрын болғаны хабарланды.
Полиция дерегінше, аталған факті аудандық бөлімде тіркеліп, қажетті процессуалдық тексерулер басталған. Шешім қолданыстағы заңнамаға сәйкес қабылданады. Сот әкімшілігі тарапынан ресми шағым түспеген.
Сот залындағы бүлінген терезе Қасымбаевтың туыстарының күшімен қалпына келтірілгені бұған дейін хабарланған.
Адвокат Абзал Қасымжановтың түсіндіруінше, Қасымбаевтың әрекеті бірнеше бап бойынша саралануы ықтимал:
– ҚР ҚК 202-бабы: бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру;
– ҚР ҚК 410-бабы: сотты құрметтемеу;
– ҚР ҚК 293-бабы: бұзақылық.
202-бап бойынша жаза жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін барады. Ал сотты құрметтемеу бабында 160 АЕК-ке дейінгі айыппұл, осындай мөлшерде түзету жұмыстары, 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 40 тәулікке дейін қамау қарастырылған. Бұзақылық үшін жаза алты жылға дейінгі мерзімге жетуі мүмкін.
Айта кетейік, 11 қарашада үкім жарияланар алдында Қасымбаев журналистердің залда болуына наразылық танытып, «Барлығын шығарыңдар!» деп айғайлап, пластик терезені ұрған. Терезе сынықтары зал ішіне шашылған. Оқиғаны түсіруге әрекеттенген журналистерді сот қызметкерлері қауіпсіздік мақсатында залдан шығарған.
Еске салайық, сот Хасан Қасымбаевты адам ұрлау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және қорқытып алушылық үшін кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын орта қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Соңғы сөзінде айыпталушы кінәсін мойындамай, істің қолдан жасалғанын мәлімдеген. Оның сыбайластарына 8 жылдан 22 жылға дейінгі мерзімдер берілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
RUS